Алматыдағы «Қазақ зағиптар қоғамының» бұрынғы басшысы ұйымға тиесілі 6 млн долларға жуық қаржыны жымқырғанына қарамастан жауапқа тартылмаған. Қазір аты шулы іспен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы айналысып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz, Halyk-uni.kz-ке сілтеме жасап.
«Қазақ зағиптар қоғамының» қазіргі басшылығы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігіне ұйымның бұрынғы төрағасына қатысты іс бойынша көмек сұрап, өтініш білдірген.
«Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалының мәліметі бойынша, зағиптар қоғамының бұрынғы басшысы Әубәкіров 1983 жылдан бері ұйымға жетекшілік еткен. 30 жылдан астам уақыт басшы болып тұрған кезінде ұйымның активтерін жекеменшікке өткізгені белгілі болды. Атап айтқанда 2006 жылы «Қазақ зағиптар қоғамының» құрылымдық бөлімшесіне тиесілі болған балалар лагері мен оның жерін 585 000 теңгеге сатып жіберген.