Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"LRT ісі бойынша іздеуде жүргендер Интерпол тізімінде жоқ": Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ақпаратқа түсінік берді

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Интерпол сайтында тек кісі өлтіру, терроризм, экстремизм сынды қылмыстар үшін айыпталушылардың мәліметтері енгізіледі.

"LRT ісі бойынша іздеуде жүргендер Интерпол тізімінде жоқ": Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік ақпаратқа түсінік берді
фото: дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі LRT ісі бойынша айыпталушылар Т. Ардан мен Қ. Сұлтанбеков іздеуде жүргендер ретінде Интерпол сайтында жоқтығы туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратқа түсінік берді деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.  

Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аясында Т. Арданға және Қ. Сұлтанбековке "қызыл бюллетень" бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды. Жүргізілген іс-шаралар Т. Арданның Түркияда орналасқандығын анықтады. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар, Қ. Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Алайда, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, "қызыл бюллетеннің" болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар, біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды, - делінген агенттік хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Антикор басшысы LRT ісіне қатысты тұлғаларды Интерпол әлі іздеп жатқанын айтты

Сондай-ақ мәлім етілгендей, Интерпол сайтында тек кісі өлтіру, терроризм, экстремизм сынды қылмыстар үшін айыпталушылардың мәліметтері енгізіледі.

Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес, Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және жариялау туралы мәліметтер тек үлкен қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыс жасаған адамдарға қатысты жарияланатынын атап өткен жөн. Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды бәріне қолжетімді тізімге қосуға негіз болады. Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың Бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов LRT ісі бойынша шет елге қашып кеткен екі адамға іздеу салынғанына күдік келтірген болатын. 

Іздестіріліп жатқан Нұр-Сұлтан (Астана) әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың АҚШ-та тұрып жатқаны белгілі. Қазақстан АҚШ Әділет министрлігіне Нұр-Сұлтан (Астана) қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті экстрадициялау туралы өтініш жолдаған. Сауал америкалық тараптың қарауында екен.

Ал "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Ардан Түркияда іздеуде. Елдің құзыретті органдарына оны беру туралы сұрау салынған. 

2019 жылғы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" бұрынғы басшысы Талғат Ардан іздестіру жұмыстарын бастады.

Талғат Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін "Астана LRT" басқарды. Агенттіктің айтуынша, ол ұрлық фактісі анықталғанға дейін елден қашып кеткен. 

Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қылмыстық схеманы әкімнің орынбасары Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басшысы Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялардың көмегімен ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Тергеу барысында анықталған шығын көлемі — 5,8 миллиард теңге. Сонымен қатар ондағы Сұлтанбеков пен Арданның үлесін анықтау мүмкін болмаған. Оларға қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске берілді.