Жолда жүрген сиырларды ультрадыбыспен үркіту жоспарланып отыр

Жануар қоршауға жанасқан кезде электр тогы ұрады да, ол кейін шегінеді.

Жолда жүрген сиырларды ультрадыбыспен үркіту жоспарланып отыр
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда жыл сайын жануарлар себеп болған жүздеген жол апаты болады, оның көбінде кісі өлімі тіркеледі. Мысалы, 2019 жылы осындай 99 апат болып, 32 адам қайтыс болды және 147 адам жарақат алды деп хабарлайды Paryz.kz, koleso.kz-ке сілтеме жасап.

Жол қауіпсіздігін жақсарту үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау, ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу кезінде орындалатын жұмыс түрлерінің жіктелімін бекіту туралы" бұйрыққа өзгеріс енгізуді көздеп отыр. Құжатқа сәйкес жол жөндеушілерге енді "жолдардың жүру бөлігін жануарлардан қорғау функциясы бар ультрадыбыстық аспаптарды (дуалдарды) орнату, жөндеу және ауыстыру" міндеті қоса жүктеледі.

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Kolesa.kz тілшісіне хабарлағандай, жануарларды үркітетін ультрадыбысты қоршау республикалық маңызы бар Доссор — Құлсары — Бейнеу — Ақтау тас жолының 723-726-шақырымында (Маңғыстау облысы Шетпе ауылы маңында) орнатылды, оның ұзындығы 3000 бойлық метр. Сондай-ақ Щучинск — Нұр-Сұлтан автожолының ақылы бөлігінде (201-206-шақырымында) ұзындығы 6000 бойлық метр қоршау орнатылды.

Анықтама үшін: үркіту құрылғысы жоғары жиілікті дыбыс немесе жеңіл тербелісті қосу арқылы ірі не ұсақ жануарларды объектіге жақындатпайды. Мұндай құрылғы көптеген елде қолданылады. Жануар қоршауға жанасқан кезде электр тогы ұрады да, ол кейін шегінеді.