Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырманың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін.
Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердің барлық қоймасындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясы құрылды. Бұйрықты бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев шығарды деп хабарлайды Paryz.kz.
Министрліктің бас инспекциясының бастығы, генерал-лейтенант Әмір Халықов басшылық ететін Қарулы Күштердің барлық қоймасындағы оқ-дәрілерді тексеру комиссиясының құрамы тағайындалды.
Шешім Жамбыл облысында орын алған оқиғаға байланысты қабылданды. Алғашқы сәттен бастап-ақ қорғаныс министрі өрт салдарын жою жұмыстарын ұйымдастырып, оқиғаның туындау себептері мен мән-жайын талдады, - делінген министрлік хабарламасында.
Аппарат кеңесінде генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев атап өткендей, Қорғаныс министрлігі Арыста болған өрттен кейін мұндай оқиғаларды болдырмау үшін кешенді шаралар қабылдаған болатын.
Сондай-ақ Қарулы Күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылып, 30 жыл ішінде алғаш рет оқ-дәрілерге толық түгендеу жүргізілді және екі сақтау базасының құрылысы ұйымдастырылды.
Қабылданған шараларға қарамастан, министр берген бірқатар тапсырманың өз деңгейінде орындалмауы Жамбыл облысындағы оқиғаның себебі болуы да мүмкін. Оқиғаның шынайы себептері мен кінәлілерді тергеу жұмыстары анықтауы тиіс, - деді қорғаныс ведомствосының бұрынғы басшысы.
Оқ-дәрілерді сақтау объектілері режимдік екенін ескере отырып, комиссия жұмысына кеңесшілер ретінде тәуелсіз және білікті сарапшыларды, оның ішінде Қарулы Күштердің ардагерлерін тарту тапсырылды.
Комиссия оқ-дәрілердің сақтау жағдайына объективті баға беріп, барлық кемшілікті анықтауға және оларды жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға ықпал етеді.