Қазақстан Калашников автоматын құрастырмақшы

Қазіргі жоспар бойынша жылына 50 ұшақ құрастырылады. Оны экспортқа шығаруға рұқсат бар. 

Қазақстан Калашников автоматын құрастырмақшы
фото: ашық дереккөз

Қазақстандағы "Tыныс" зауытында Калашников автоматының бірнеше үлгісі құрастырылады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, жобаның операторы – "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы.

"Қазақстан Республикасының аумағында Калашников автоматтарын лицензияланған құрастыру өндірісін ұйымдастыру туралы келісімге қол қойылды. AK - 12 және AK - 15 сияқты заманауи атыс қаруын бірлесіп шығару саласындағы екіжақты ынтымақтастық осы жылдың тамыз айында басталады", - делінген ресми хабарламада.

МАКС-2021 халықаралық авиациялық ғарыш салонының алаңында тағы бір маңызды құжатқа қол қойылды. Оған сәйкес, Қазақстанда "Байкал" ұшағы да құрастырылады. Ол үшін "Қазақстандық авиациялық индустрия" кәсіпорны "Байкал-инжиниринг" ЖШҚ-ның үлесін сатып алатын болды. Осылайша 50 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан әйгілі Ан-2 ұшағын "Байкал" жеңіл көп мақсатты ұшағы алмастырады.

Жобаға Қазақстан тарапынан салынған инвестицияның жалпы көлемі 1 миллиард рубльді құрайды. Оның орнына Қазақстан жобадағы миноритарлық үлесін және осы ұшақтарды шығаруға лицензия алады, - делінген ресми хабарламада.

Қазіргі жоспар бойынша жылына 50 ұшақ құрастырылады. Оны экспортқа шығаруға рұқсат бар.

Бұдан бөлек, "Киров зауыты" АҚ, ресейлік "Прима" зауыты және "405 авиациялық жөндеу зауыты" АҚ арасында Қазақстандағы авиациялық техникаларға арналған радиобайланыс жабдықтарын өндіруді оқшаулау туралы үшжақты келісімге қол қойылды.