Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мемлекет қарызы өсті: былтыр Ұлттық қор түсімінің 96 пайызы жұмсалған

2020 жылдың 1 қазан айындағы мәлімет бойынша, елдің сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жеткен. Бұған дейін жергілікті БАҚ соңғы бес жылда мемлекеттің сыртқы қарызының екі есеге өскенін жазған. 

Мемлекет қарызы өсті: былтыр Ұлттық қор түсімінің 96 пайызы жұмсалған
фото: ашық дереккөз

Бүгін Мәжіліс отырысында Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова былтыр Үкімет Ұлттық қор түсімінің 96 пайызын жұмсағанын айтты деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

Сондай-ақ ол Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының аударылмаған кездері де болғанын жасырмады.

"Енді жағдайды тұрақтандыру шаралары арқылы оны толтыру жағын қарастыру керек, Өкінішке қарай, Ұлттық қорға аударылуы тиіс қаржының аударылмаған кездері болған. Бұл үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыртқы және ішкі қарызды өтеу үшін жекешелендіруден түскен қаражатты пайдалану құқығын берумен де байланысты. Мұндай практиканы жою керек. Жекелеген жағдайларда Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторындағы компанияның қаражаты республикалық бюджетке түсіп отырған. 2020 жылдың өзінде Қарашығанақ пен Солтүстік Каспий жобалары бойынша әріптес компаниялардан 664 млрд теңге түскен жоқ", - деді Наталья Годунова.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекет қарызы жыл сайын өсіп барады.

"Бұл тұрғыда есеп комитеті кейінгі жылдары айтып жүрген тәуекел жүзеге асып жатыр. Қазір бұл 20,6 трлн теңгеге жетті. Жалпы ішкі өнімнің 29,4 пайызына тең, бұл концепцияда бекітілген лимит 27 пайыздан көп. 2014 жылға дейін мемлекет қарызының деңгейі ЖІӨ-нің 22 пайызынан аспаса, қалыпты болып көрінген. Кейінірек ол түзетіліп, көбейтілді. Оны өсіруге ненің негіз болғаны да түсініксіз күйде қалды. Осыған орай 29 пайыз жоғары болып саналады", - деді Есеп комитетінің жетекшісі.

2020 жылдың 1 қазан айындағы мәлімет бойынша, елдің сыртқы қарызы 160,9 миллиард долларға жеткен. Бұған дейін жергілікті БАҚ соңғы бес жылда мемлекеттің сыртқы қарызының екі есеге өскенін жазған. Қазақстанда жергілікті мамандар шетелден алынған қарыздың тиімді жұмсалуына күмән келтіреді.