Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Еңбек мигранттары енді Ресейден Қазақстанға ағылып жатыр

Атыраудағы көше сыпырушылар айына 140 мың теңгедей (330 доллар) жалақы алады, бұған қоса бюджет мекемесінің қызметкері ретінде жеңілдіктері және бар. Ал шаруа қожалығындағылар айына 100 мың теңге (235 доллардай) айлық алады.

Еңбек мигранттары енді Ресейден Қазақстанға ағылып жатыр
фото: ашық дереккөз

Ұшақ билеті де, жұмыс істеуге рұқсат алу да қымбат болғандықтан, бұрын Ресейде еңбек етіп келген мигранттар Қазақстанға ойысқан. Аймақтың ең ауқатты елі саналатын Қазақстанда қара жұмысшыға сұраныс күшті болып тұр деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.

Өзбекстанның шығысындағы Қоқанд тұрғыны Дилшодбек он жылдай Ресейде жұмыс істеп келген. Биыл ол көрші Қазақстанға келіп нәпақа таппақ.

"Қазақстанда ақша анағұрлым аз төлейді, бірақ есептеп қарасам, соңында көп айырмашылық болмайтын сияқты. Мамырда Ресейге кеткен інім ұшақ билетіне 600 доллар, жұмысқа рұқсат алу құжатын рәсімдеуге 300 доллар жұмсады. Сол ақшаның аз бөлігін ғана шығындап, Қазақстанға келе аласың", - дейді 42 жастағы Дилшодбек.

Коронавирус пандемиясы басталғалы ұшақ билетінің бағасы аспандап, Ресейде жұмысқа рұқсат алудың да төлемі өскен соң Дилшодбек сияқты Орталық Азия мигранттары аймақтағы ең ауқатты ел – Қазақстаннан жұмыс іздей бастады.

Қазақстан да мигрант еңбеккерлерді қабылдауға құлықты сияқты, себебі жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін ауыр жұмыстың көбін соларға тапсыруға болады. Елдің кейбір аймақтары тіпті қара жұмысшыларды жеткізу үшін мигранттардың жол шығындарын мойнына алған.

Мамырда Қазақстанның батысындағы Атырау облысының әкімдігі ауылшаруашылық саласында жұмыс істету үшін Өзбекстаннан 600 адамды ұшақпен алып келген. Бұдан бір ай бұрын Атырау басшылығы көше сыпырту үшін 70 өзбек азаматын арнайы чартерлік рейспен жеткізген.

2020 жылы коронавирус індеті басталып, шекаралар жабылғанда еңбек мигранттары елінде қамалып қалып, Қазақстанның басқа аймақтары сияқты Атырауда да қара жұмысшы азайып кеткен.

Өзбекстаннан келетін жұмысшылардың жолы мен коронавирус тестінің шығындарын өтеп беруге келіскендердің бірі – Атырау облысындағы шаруа қожалығының басшысы Ақтұрлан Ерманов. Оның айтуынша, әр адамға 500 доллардай ақша еткен.

Қожалықтың 1500 гектар жеріндегі бау-бақшаны күтіп-баптауға жұмысшылар керек болған. Алайда жергілікті азаматтар қара жұмыс істеуге құлықсыздық танытқан, сондықтан, ауыл шаруашылығындағы, құрылыс пен базардағы бос орындарға көрші республикалардың тұрғындары келіп жатыр.

"Жергілікті жұмысшыларға қарағанда мигранттар анағұрлым сенімді. Жергілікті адамдар аяқ астынан келісімшартты үзіп, жұмыстан кетіп қалады. Бүгін жұмысқа шықса, ертесінде келмей қояды", - дейді Ерманов КТК телеарнасына.

Атыраудағы көше сыпырушылар айына 140 мың теңгедей (330 доллар) жалақы алады, бұған қоса бюджет мекемесінің қызметкері ретінде жеңілдіктері және бар. Ал шаруа қожалығындағылар айына 100 мың теңге (235 доллардай) айлық алады.

Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда мұндай жұмыс үшін бұдан әлдеқайда аз ақша төлейді. Бұл елдерде 1990 жылдардан бері жаппай жұмыссыздық белең алып тұр.