Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

СҚО-да ауыл тұрғындары белгісіз дертке шалдығып жатыр (ВИДЕО)

Бұл мәселеге прокуратура да араласып, құзырлы орган жұмысшы тобын құрып, тіпті қылмыстық іс қозғаған.

СҚО-да ауыл тұрғындары белгісіз дертке шалдығып жатыр (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғындары белгісіз дертке шалдығуда. Науқастарға ортақ белгі – іш өту, дене қызуының көтерілуі. Тұрғындар дерттің дендеуін сапасыз ауыз судан көреді. Ал жергілікті биліктің өз болжамы бар деп хабарлайды Paryz.kz, "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғындары соңғы екі аптадан бері бірінен соң бірі белгісіз дертке шалдығып жатыр. Біреулерде іш бүріп, диарея белгілері байқалса, енді бірінің жүрегі айнып, ішкен-жеген тамағын қабылдамайтын күйге түскен көрінеді.

Тұрғындардың айтуынша, белгісіз дертті ауылда жүзден астам адам жұқтырған.

"Өткен бейсенбі күні түнде ауырып қалдым. Дене қызуым 38,6 градусқа дейін көтерілді. Ішім қатты бүріп, ішімде бомба жарылғандай болды. Белгілері коронавирусқа ұқсамайды. Дәрігерлер де осылай дейді", - деп мұңын шақты Бескөл ауылының тұрғыны Галина Пулникова.

Тағы бір ауыл тұрғыны ең алдымен қызы, кейін өзі ауырғанын айтады.

"Біз суды тек сүзгіден өткізіп барып ішеміз. Көлге барып шомылған жоқпыз. Түгел ауыл тұрғындары емес, Бескөлдің ескі аумағы ғана ауырып жатыр. Неден екені белгісіз", - дейді ауылдың тұрғыны Наталья Светлецкая.

Ауылдың 15 мың тұрғынын 2004 жылдан бері ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған компания басшылығы болса, дерттің судан келмегеніне сенімді.

"Башнядан бір жерден алады. Егер бірдеңе болса, 15 мыңның жартысы ауырып қалар еді. Ол суды мен өзім де ішіп отырмын. Уланып жатқан себебі, осы күндері күн ыстық болды. Сонда көлге түсті, ыстықта жүрді", - дейді ЖШС директоры Қайырбек Нұралин.

Тұрғындар тарапынан түскен шағымдардың саны күрт артқан соң, ауылға эпидемиологтар келіп, ауыз судан және жақын маңайдағы су тоғайлардан сынама алған. Сынама сараптамалық зертханаға жіберілген.

"Дәрігерлердің көмегіне 100-ден астам адам жүгінді. Біз тек ауыз судан ғана күдіктеніп отырған жоқпыз. Себебі, екі аптадай күн ыстық болды. Жұрттың бәрі өзен-көлге ағылды. Бәлкім вирус содан шыққан болар. Облыстық эпидемиологиялық орталық мамырдың 29 күні судың сараптамасын алды. Нәтижесін 10 күннің ішінде хабарлайды", - дейді Бескөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мәулен Қасымғожин.

Бұл мәселеге прокуратура да араласып, құзырлы орган жұмысшы тобын құрып, тіпті қылмыстық іс қозғаған.

"Санитарлық талаптарды және гигиеналық нормаларды бұзу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнде тиісті кешенді сараптамалар жүргізілуде. Бескөл кентінің тұрғындарына толықтай медициналық көмек көрсетілуде", - дейді СҚО прокурорының аға көмекшісі Жарқын Белгібеков.

Зертхана қорытындысы осы аптада жариялануы тиіс. Ал оған дейін сумен қамту кәсіпорны шұғыл түрде құбырларды хлормен тазарту жұмыстарын жүргізбек.