Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ауылына көпір салған мұғалім «100 жаңа есім» жеңімпазы атанды

Ол алғашында бұл бастама қарапайым мұқтаждықтан туындағанын, осы арқылы танымал болсақ деген ой көздемегендерін айтады.

Ауылына көпір салған мұғалім «100 жаңа есім» жеңімпазы атанды

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ахат Рақышев бұл жеңісі туған ауылының ортақ табысы екенін айтты, деп хабарлады Paryz.kz.

Былтыр әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғындары өзеннен қауіпсіз өту үшін өз күштерімен көпір салып алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сол істің ұйытқысы болған Рақышев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанып отыр.

«Негізгі мамандығым – мұғалім. Ауылға көпір салу керектігі талайдан бері айтылып жүрген. Содан сыныптастарымызбен мектеп бітіргенімізге 20 жыл болғанын ерекше бір іспен есте қалдырсақ деп келістік. 30 жыл бұрынғы түлектер де осы идеяға атсалысты. Көпір құрылысына негізгі қаражатты осы екі топ шығарды. Халық та қолында барымен бөлісті. Ал мен балаларға сызу пәнінен сабақ беретін болғандықтан, көпірдің сызбасын жобалау маған жүктелді» - дейді ұстаз.

Ол алғашында бұл бастама қарапайым мұқтаждықтан туындағанын, осы арқылы танымал болсақ деген ой көздемегендерін айтады.

«Ауылда болғандықтан, құрылыстың басы-қасында үнемі жүруіме тура келді. Сондықтан, «100 жаңа есімге» орталарынан мені шығарған болар. Әу баста бұл іс арқылы әлеуметтік желіні шулатып, танымал болайық деп ойлаған жоқпыз. Жай ғана ауылдың бір мұқтаждығын өтеу керек болды. Бұл істе өзіміздің ауылдың әкімі жақсы қолдау білдірді. Қазір көпір ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Енді соның құжатын заңдастырып, қауіпсіз қызмет көрсетуін пысықтап жатырмыз. Бұл жобаға атсалысқан әрбір ауылдасым «100 жаңа есім» жеңімпазы атануға лайық. Бұл байқаудағы менің жеңісім – бүкіл ауылымның жеңісі», - дейді Ахат Рақышев.