Солтүстік Қазақстан облысында отбасылық құпияны таратқан адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Paryz.kz облыс прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айыртау аудандық соты сотталушы танысының ұялы телефонын ұрлап әкеткенін анықтады.
"Ол жәбірленушінің жеке өмірі туралы құпия мәліметтерді мессенджер арқылы ортақ таныстары арасында әдейі таратқан", - деп жазылған хабарламада.
Сотталушы адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмысы үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетері, адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз таратқандар Қазақстан Қылмыстық кодексінің 147-бабы 4-бөлігі бойынша алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда, көпшілік алдында сөйлеген сөзінде осындай мәліметтерді таратқаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.