Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Каспий теңізінің неше метрге төмендегенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Каспийдің 1900 жылғы ең жоғарғы деңгейі мен 1977 жылғы ең төменгі деңгейінің арасындағы айырмашылық үш метрден асып тұрған.
“2006 жылдан бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендеп келеді және қазіргі уақытта теңіздің деңгейі минус 29,21 м құрайды, бұл тарихи минимум болып табылады”,-деді Бекнияз мәжілісте өткен отырыста. Осы орайда вице-министр негізгі себептерге де тоқталды.
Соның ішінде өзендер ағынының төмендеуі, ауа температурасының көтерілуі мен аймақтағы жауын-шашынның азаюы бар.
Мәселен, 1976-2023 жылдар аралығында Каспий аймағы үшін орташа жылдық ауа температурасының өзгеруі әрбір 10 жыл сайын +0,51°С құрады. Бұдан бөлек, 2006-2023 жылдар аралығында Каспий теңізіндегі жауын-шашын 65 мм-ге азайды. Тағы бір маңызды фактор - өзен сулары. Бүгінде Каспий теңізіне шамамен 130 өзен құяды, бірақ судың басым бөлігі - 80 проценттен астамы Волга өзенінен келеді.
Бірақ оны бірлесіп реттеу мүмкін болмай отыр. Себебі Волга трансшекаралық өзенге жатпайды. Осыған байланысты Қазақстан Ресей Федерациясымен алдымен Каспий теңізінің тайыздану проблемаларын зерделеу бойынша екіжақты жұмыс тобы құруды жоспарлап отыр.
“Ал екінші кезеңде жұмыс тобы дайындаған қорытындылар мен ұсынымдар Тегеран конвенциясының шеңберінде барлық Каспий маңы мемлекеттерінің қатысуымен жүзеге асырылатын болады”,-деп атап көрсетті Бекнияз.