Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты басты сот отырысы өтіп жатыр.
Мемлекеттік айыптаушы сот отырысы барысында кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30–да Талғар орталық аудандық ауруханасының стационарында расталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ прокурор жасөспірімнің сол күні болған жанжал барысында қандай жарақат алғанын және қандай себептен қайтыс болғанын атады.
— Кәмелетке толмаған Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғары бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақат нәтижесінде ауыр қан жоғалтудан болды. Өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30–да Талғар орталық аудандық ауруханасы стационарында расталған.
Мәйітті зерттеу кезінде келесі дене жарақаттары анықталды: ішкі және сыртқы қан кетуді тудырған сол жақ өкпенің жоғары бөлігінің зақымдануы. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған.
Сыртқы дене жарақаттары: сол жақ желке аймағында бастың шашты бөлігінің терісінің көгеруі, оң көздің ішкі бұрышында, оң көздің қабағында, оң қолдың артқы бетінде, оң қолдың екінші, үшінші, төртінші саусақтары, сол жақта мұрын, ерін аймақтарында, оң білектің бір бөлігінде сызаттар, — деді прокурор.