Әнші Балжан Бидаш АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орын алған тікұшақ апатынан аман қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшасында ол апатқа ұшыраған тікұшақтардың бірінде өзі де болуы мүмкін екенін айтып, оқырмандарын алаңдатқан жазба қалдырды.
"Мен мінген вертолеттердің бірі құлады. Бір семья кетті. Жүрегім ауырады", – деп жазды әнші. Ол Нью-Йоркте жүрген кезінде тікұшақпен әуеге көтерілген сәтін бөліскеннен кейін, көпшілік оның жағдайына алаңдап, жеке хабарламалар жаза бастаған. "Маған тоқтаусыз осы видеоларды оқырмандарым жіберіп жатыр. Амансыз ба деп жазып, уайымдап жатқан жандарға рақмет. Құдай аяқ асты келетін апаттан сақтасын", – деп алғыс білдірді ол.
Еске сала кетейік, жуырда Нью-Йоркте туристер отырған тікұшақ апатқа ұшырап, бір отбасы қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға елді елең еткізіп, әлем бойынша кеңінен талқыланып жатыр.