Ақмола облысының тұрғыны өз анасына миллион теңгеге жуық несие рәсімдеген, деп хабарлайды paryz.kz.
Бурабай ауданында алаяқтықтың ерекше жағдайы тіркелді. 2 сәуірде Бурабай ауданының полиция бөліміне 71 жастағы жергілікті тұрғын өтінішпен жүгінді. Зейнеткер оның атына белгісіз біреу микрокредиттік ұйым арқылы 965 мың теңге көлемінде несие рәсімдегенін хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаскүнемнің жеке басы анықталды – ол зейнеткердің туған ұлы болып шықты.
Полицейлердің тексеруі бойынша, ер адам криптовалюта арқылы ақша табу идеясына қызығушылық танытқан. Өзінің қаражаты болмағандықтан, ол анасының сенімін пайдаланып, видеоверификациядан өтуге алдап, несие рәсімдеген, - делінген ақпаратта.
Ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Мұндай алаяқтықтың құрбаны болмас үшін полицейлер азаматтарға ЖСН, СМС-кодтар мен банк карталарының деректерін, тіпті жақын туыстарына да бермеуге кеңес береді.
Егер сізде алаяқтыққа қатысты күдік туындаса, өз ақша қаражатыңызға қол жеткізуді дереу бұғаттау қажет.