Прямая трансляция

Астана

Астана

5°C

Асхат Аймағамбетов халыққа ұнамды ұсыныс айтты

Неліктен біз дәрі-дәрмекке, емдеу қызметтеріне, кітаптарға және картадан картаға аударымдарға 0% ҚҚС ұсындық? Бұл туралы Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндіріп жазды, деп хабарлайды paryz.kz.

Асхат Аймағамбетов халыққа ұнамды ұсыныс айтты
Фото: Kazinform

Салық кодексіне қатысты бір топ депутаттардың ұсынған түзетулері туралы пост жариялаған соң, бірқатар сұрақтар келіп түсті. Түсіндірейін.

1. Дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтері

Біз ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін көптеген аурулар бойынша дәрі-дәрмек пен емдеуге қазіргі 0% ҚҚС мөлшерлемесін сақтап қалуды ұсынамыз. Мысалы: онкология, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық тағы басқа аурулар. Неге? Себебі салықтың өсуі - бағаның өсуі. Ал дәрі-дәрмектің бағасының өсуі - бірінші кезекте науқастар мен олардың отбасыларына ауыр салмақ. Бұл жай ғана салық мәселесі емес, бұл - адамгершілікке қатысты шешім. Онко-дәрілер мен сирек ауруларға арналған препараттардың бағасы қазірдің өзінде өте жоғары. Егер оларға ҚҚС енгізілсе - бұл бағаның бірден 10%-ға өсуі деген сөз. 

2. Отандық кітаптар мен анимация

Кітапқа ҚҚС салу - отандық авторлар үшін шығарылым құнын арттырады. Ал бұл - оқырман үшін кітаптың бағасының көтерілуіне әкеледі. Қазақ авторлары назардан тыс қалды деп айтып жүрміз - дегенмен, соның өзінде кітапқа салық салып отырмыз. ҚҚС-тан босату - мәдениетке, білімге, ұлттық ойға көрсетілген құрмет. Бұл саланы салықпен емес, нақты қолдаумен көтеруіміз қажет.

3. Қаржылық қызметтер

Көптеген елдерде банк қызметтеріне ҚҚС салынбайды - бұл жайдан-жай емес. Бізде де қазіргі таңда бұл қызметтер ҚҚС-тан босатылған. Егер банктік аударымдар мен карточка арқылы төлемдерге ҚҚС енгізілсе - халық күнделікті қолданып жүрген қарапайым қызметтер қымбаттап кетуі мүмкін. Мысалы, сіз Халық банктегі картаңыздан Kaspi-ге ақша аудардыңыз - 200 теңге комиссия төледіңіз. Егер оған ҚҚС қосылса, тағы 32 теңгеге дейін қосылуы тиіс. Бұл, әсіресе, жиі аударым жасайтындар үшін ауыр. Біз мыналарды да ұсындық: – букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру, – трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу, – банктерге салынатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру. Ұсыныстар көп. Ең бастысы - осы ұсыныстар жұмыс тобы мен Мәжілісте қаралып, алдағы уақытта қолдау табады деп үміттенеміз, - делінген жазбада.