26 наурызда Біржан сал ауданының полиция бөліміне 59 жастағы азамат арызданған, деп хабарлайды paryz.kz.
Жәбірленушінің айтуынша 22 наурызда көршісі оның сенімін пайдаланып, оның атына банктің мобильді қосымшасы арқылы 1,2 млн теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеген.
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті жәбірленушінің үйіне келіп, оған кездейсоқ ақша жібергенін айтып, оның телефонын тексеру үшін сұрап алған. Жәбірленуші телефонын бергеннен кейін, қаскүнем банк қосымшасын ашып, оның суретін түсіріп, тексеруден өтуге көндірген.
Осы сәтті пайдаланып, күдікті жәбірленушіге тауар несиесін рәсімдеп, басқа қосымша арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған және оны үшінші тұлғалардың шоттарына аударған. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
Қазіргі уақытта полиция осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Полицейлер мұндай жағдайлардың құрбаны болмау үшін телефоныңыз бен банктік қосымшаларға қол жетімділікті бөгде адамдарға, тіпті таныстарыңызға да бермеу керектігін ескертеді.