Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Еріккендердің бәрі дінмен айналысып кетті – Қайрат Жолдыбайұлы

Бұл туралы “Желмая” жобасына қатысқан дінтанушы, қоғам қайраткері Қайрат Жолдыбайұлы айтты, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Еріккендердің бәрі дінмен айналысып кетті – Қайрат Жолдыбайұлы
Фото: islam.kz

«Еріккеннің бәрі дінмен айналысып кетті. Дінді білетіні-білмейтіні бар, шала білетіні де, дінге қарсысы да пікір айтады. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Қоғамды улап жатыр деп айтуға болады. Олар жастарды теріс бағытқа қарай сүйреп апара жатыр. Дәстүрлі дініміздің ақиқаты мен ұстанымына, сондай-ақ қағидаларына қайшы дүниелерді айтқаннан кейін жастар болсын, көрермен халық болсын діннен безіп жатыр. Қазіргі кезде дін қорғауға мұқтаж болып қалды, - деді дінтанушы.

Ол осы тұрғыда дін туралы әлеуметтік желіде айтылатын сөздерді ретке келтіру керек деп санайды.

«Қазіргі заңымызға сәйкес, қоғамда әр жерде дін бойынша оффлайн уағыз жасауға болмайды. Мысалға жұмысына келіп әріптестеріне уағыз жасай алмайды. Ашық түрде отырып алып, кез келген бір қонақүйді жалдап қойып, сол жерге 100 адамды жинап алып, дінді ашық уағыздауға қазіргі таңда заңымыз рұқсат бермейді. Енді дәл осы нәрсе онлайн жүзеге асып жатса, онлайн түрде жаңағындай заң бұзылып жатса, кім көрінген миллиондаған аудиторияны жинап алып, аузына келгенін білетіні мен білмейтіні бар, дұрысы мен бұрысы бар, бұрқыратып айтып жатса, меніңше, оны да бір заңмен реттеу керек, - деді Қайрат Жолдыбайұлы. 

Ол ұлттық құндылықтарға, қаншама мұсылмандардың наным-сеніміне нұқсан келтіріліп жатса, бұл заң тұрғысынан белгілі бір деңгейде реттеуді қажет ететінін жеткізді.

«Ол міндетті түрде қолын қайырып, түрмеге тығу емес. Бірақ адамдар жауапкершілікті сезіну керек», - деді ол.