Сілеті су қоймасы мен Ащысу өзені тасыса, Баянауыл мен Ақтоғай аудандарының бірнеше ауылына су кіруі ықтимал.
Ақмола облысының Сілеті су қоймасына, сондай-ақ, Павлодар облысы Ақтоғай ауданының аумағына әуеден барлау жасалды. - Бүгінгі таңда су қоймасында жиналған судың көлемі 201 млн текше метр немесе 87%. Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасынан жіберілетін судың ұлғаю қаупіне байланысты биылғы су тасқыны маусымында Шолақсор ауылын су басу мүмкін деген қауіп бар. Барлық су басу қаупі бар учаскелер тексеріліп, Сілеті өзенінде санитарлық су жіберу дайындығы, сондай-ақ, барлық су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін келген күштер мен азаматтық қорғау қызметі топтарының дайындығы зерделенді, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Баянауыл ауданының Қарағанды облысымен шекараласатын ауылдары да тексерілген. Баянауыл ауданындағы қардың қалыңдығы 21 сантиметр және бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 сантиметрге көп. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы мен Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округінің шекара маңы аумағында жиналған қардың үлкен қоры қарқынды еріген кезде, сондай-ақ, «Ақжар» бөгеті толып, су жіберілген жағдайда ауданның 7 елді мекенін су басу қаупі төнуі мүмкін.
- «Ақжар» бөгетінен ағып келетін судың негізгі арнасы Қ.Сәтбаев ауылынан 10-15 км жерде «Қаратоқа» бөгетінен ағып келетін судың арнасымен қосылады, осыған байланысты жақын маңдағы М.Жүсіп, Жаңатілек, Көкдомбақ, Қ.Сәтбаев, М.Шорман ауылдарының маңында гидропосттар жабдықталған. Әуеден барлаудың нәтижесінде Қарағанды облысының «Ақжар» бөгетіндегі жағдайға мониторинг жүргізілді. Жобалық көлемі 4,2 млн текше метр болатын су қоймасы бүгінгі күні 71% толған. «Қаратоқа» бөгеті Бұқар жырау ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан. 3 млн текше метр су сиятын бұл су қоймасы бүгінде 33% толған, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Мамандардың болжамы бойынша, облыс аумағындағы су тасқыны кезеңі 2 кезеңде өтеді: наурыздың 2-3-ші онкүндігінде қар ериді, ал сәуірдің 2-3-ші онкүндігінде Жоғарғы Ертіс каскадынан су жіберіледі.