«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңның 14-бабына және «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 75, 101-2-баптарына сәйкес мүгедек балалары бар әскери қызметшілер қосымша тұрғын үй немесе тұрғын үй төлемдерін алу құқығына ие, деп хабарлайды paryz.kz.
Алайда Ұлттық ұланның мүгедек бала тәрбиелеп отырған 400-ден астам әскери қызметкері тиісті төлемдерді алмаған.
Бұл заң бұзушылық фактісін тексеру жүргізген Бас әскери прокуратура анықтады. Бас әскери прокуратура Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығымен бірлесіп, бұл мәселені шешті.
Жеке кұрамға тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әскери қызметшілердің отбасы кұрамында мүгедектігі бар балалардың болуы міндетті түрде көрсете отырып, баянаттар беру тәртібі өзгертілді.
Қазіргі уақытта тұрғын үй төлемдері қайта есептеліп жатыр. Осындай жұмыс басқа әскери ведомстволарда да атқарылуда.