Айтыскер ақын, бүгінде желілік маркетингпен айналысып жүрген кәсіпкер Айнұр Тұрсынбаева жеке өміріне қатысты бар шындықты айтты, деп жазады Paryz.kz.
Айтыскер ақын желідегі парақшасында жан сырын ақтарды.
«Жақында бір пост оқыдым… Орысша… Адамның жүрегін ауыртатын сұрақтар жайлы… Шындығында адамға сұрақ қойғанда ойланбайды екенбіз ғой. Мысалы басы бос туысымызды немесе танысымызды көре қалсақ «неге үйленбейсің» деп бас саламыз.. Қыз бала болса тіпті жаман… «Әй, неғып жүрсің, күйеуге тимейсің бе» деп түрткілей жөнелеміз… Ауыр ма?! Ауыр… Қыздардың жасы 25-тен асқанда өздері де жалғыздықтан депрессияға кіре бастайды, және ол келін болудан қашып жүр деп кім айтты сізге?! Қалауындағы жігіт кездесіп, аламын деп тұрса есі дұрыс қыз бас тарта ма?! Адам болмаса біреудің үйіне өзі барып кіріп ала ма?! Осымен қалып кетемін бе деген үрейде жүрген адамды одан сайын тығырыққа тіреп тастаймыз. Үйінде отырып қалған қызы бар танысымызға да тыныштық жоқ… «Қызың неғып отыр?!», «Үйленетін ойы бар ма?». Перзентінің өз бақытын тапқанын қай ана қаламайды құдай-ау?! Ана жүрегіне ауыр ма?! Ауыр…», — деді ол.
Сондай-ақ айтыскер көп балалы ана болуды армандағанын да жасырмады.
«Мен көп перзентім болса деп көп армандадым… Қаралмаған жерім жоқ! Бір жерге барсам «осы сен неге тағы туып алмайсың» деп сұрамаса екен деп отыратынмын… Әсіресе көпшілік жерде.. Жүрегіме біз тығып алғандай әсер ететін… Ал перзент сүйе алмай жүрген қаншама адам бар… Көріп қалсақ бас саламыз… «Жас кезіңде туып алсаңшы», «Қашан барамыз шілдеxанаға?!»… Бала күтудің қаншалықты қиын екенін жақсы түсінем… Жаның жабығып жүргенде осындай сұрақтар одан сайын езіп жібереді-ақ. Әсіресе жұрттың көзінше…», — деп ағынан жарылды ақын.