Қоғамда бала күтімі бойынша берілетін ай сайынғы жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзарту мәселесі қызу талқыланып жүр. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жауап алды.
Бала күтіміне берілетін жәрдемақы қалай төленеді? Бүгінгі таңда Қазақстанда бала туған кезде ата-аналарға бір реттік төлем беріледі. Одан бөлек, бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Бұл төлемнің мөлшері отбасындағы балалардың санына қарай сараланады:
Бірінші балаға – 5,76 АЕК
Екінші балаға – 6,81 АЕК
Үшінші балаға – 7,85 АЕК
Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК
Ескерту: Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) жыл сайын өзгеретіндіктен, жәрдемақы сомасы да тиісті индекстеуден өтеді.
Жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзарту мүмкін бе? 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті ел. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты халыққа Жолдауында бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту тапсырылды.
Бұл өзгеріс 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ал жәрдемақыны 3 жасқа дейін төлеу мәселесі әлі күнге ашық күйінде қалып отыр.
Жоғарыда аталғанның негізінде, балалы отбасыларды қолдау жүйесін одан әрі дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады, - делінген жауапта.