Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Маңғыстауды басқару оңай емес»: Еділ Жаңбыршин облыстың жаңа әкімі туралы ойын айтты

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай туралы көзқарасын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Маңғыстауды басқару оңай емес»: Еділ Жаңбыршин облыстың жаңа әкімі туралы ойын айтты
фото: видеодан скриншот

«Нұрдәулет інімізді жақсы танимын деп айта алмаймын, бірақ таныспыз. Өйткені, Маңғыстау өңіріне бертінде келді. Астанада орталық атқарушы органдарда, үлкен компанияларда қызмет етті. Ал елге келіп қызмет істеп жатқанына он жылдай болған жоқ. Ақтау қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары болды, Өзенмұнайгаз компаниясын басқарды. Біраз тәжірибе жинақтады. Қазір аяқалысы жаман емес. Облыста, көріп отырсыздар, дүмпулер, келіспеушіліктер саябырсыған сияқты.

Біздің облыс оңай облыс емес қой. Оны басқару да оңай емес. «Шағын Қазақстан» деуге болады Маңғыстауды. Бүкіл проблема бар. Халықтың да саны өсіп келе жатыр. 800 мыңның үстіне шығып кетті. Көптеген қордаланған мәселелер бар. Соның ішінде су, экология, МАЭК мәселелерін айтуға болады. Шешілген мәселелер де жетерлік. Газдандыру 100 пайыз, жол 98 пайыз шешілген. Екі порт жұмыс істеп тұр.

Әлеуеті жоғары өңір болып есептеледі. Мұнай сарқылып жатқанын ескерсек, экономиканы диверсификация жасау керек. Туризмді, өндірісті дамыту қажет. Нұрдәулет Қилыбайдың алдына қойылған осындай үлкен міндеттер бар. Президенттің берген тапсырмалары бар. Қасындағы командасы мықты болса, мәселенің бәрін шешуге болады. Біз, Мәжіліс пен Сенат депутаттары тарапынан барлық көмекті береміз. Өзі де байсалды, көпті көрген жігіт. Беделі де жақсы. Елмен тіл табысып жұмыс істеп жатыр.

Инвестиция тарту бағытында шаруалар жасап жатыр. Меніңше, халық оны қолдау керек. Кері тартпауымыз керек. Өз халқынан басшы қолдау көріп отырса, құлшынып жұмыс істейді деп ойлаймын», - деді Еділ Жаңбыршин.

Айта кетейік, Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысының әкімі болғанына бір болған жоқ, ол 2024 жылдың мамыр айында тағайындалды.