Қырғызстандағы барлық кинотеатрлар кинорежиссер Ақан Сатаевтың «Рэкетир 3» фильмін прокаттан алып тастады, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Синематика» кинотеатрлар желісінің мәліметінше, фильмнің көрсетіліміне «Кыргыз тасмасы» мемлекеттік концерні тыйым салған. Нақты себептер әзірге белгісіз, бірақ кинотеатрлар бұл шешімге бағынбаса, айыппұл салынатынын мәлімдеген.
«Құрметті көрермендер, «Рэкетир: жаңа кезеңдер» фильмі елдегі бүкіл кинотеатрдың прокатынан алынды. Билет ақысын қайтарып алу туралы кинотеатрдың әкімшілігімен сөйлесіңіздер», - деп жазылған жазбада.
«Рэкетир 3» фильмі 13 ақпанда көрерменге жол тартты. Картина кинотеатрларға шыққан алғашқы аптада-ақ 657 955 766 теңге жинап, қазақстандық прокатта көш бастап тұр.
Фильмнің үшінші бөлімінде ұзақ жылдар түрмеде жазасын өтеген Саян бостандыққа шығады. Бірақ өткен өмірі маза бермейді. Бостандыққа шыққанда Жанның ұлы – Абылай күтіп алады. Абылай әкесінің өлімі үшін кек алғысы келеді.