Жетісу облысында отбасын құруға бел байлаған жастардың саны артқан. Алайда ажырасқандардың да саны аз емес, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Отбасы болуға бекінген жастардардың қатары артқанмен, көп ұзамай жараспай қалған жас отбасылардың саны да үдеп барады. Мәселен былтырдан бері шаңырақ көтерген жұптардың дені екіге айырылған. Оған басты себеп әлеуметтік жағдай мен өзара түсініспеушілік болып отыр. Кез келген екі жас ажырасамын деп үйленбейді, жаңа өмірді жақсылықпен махаббатпен қарсы алғысы келеді. Алайда тұрмыстың тауқыметі, қоғамдағы қауесеттер, еліктеушілік, психологиялық соққыларға төтеп бере алмайды. Заман талабына сай өмір сүруге оқталған жастар көп. Олардың көбі кішкентай қиындықтарға төтеп бере алмайды. Мәселен, бір Жетісудың өзінде отау құрған жастардың 30-40 пайызы ажырасып кетеді екен. Тіпті татуласуға уақыт сұрамайды да. Арада қалған баланың болашағына ешкім алаңдамайды», - дейді "Жанұя" орталығының маманы Әсел Тілеуберді.
Былтыр облыс орталығында 1488 жұп жаңа өмірге қадам басып, заңды түрде отау құрған.
«Бұл қала тұрғындарының отбасы құруға деген ниетін және қоғамдағы отбасы құндылықтарының жоғары екенін дәлелдейді. Ал қаңтар айынан бастап 102 жас жұбайлар заңды некеге тұрып, өздерінің бақытты болашақтарына алғашқы қадамдарын жасаған. Бұл көрсеткіш шаһардағы жастардың отбасылық өмірге деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді. Үлгілі отбасы болу – біздің мақсатымыз. Әрине, үйде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кейде келіспей қаламыз. Сондай жайттарда отырып сөйлескенді жөн көреміз. Әрбір жұп махаббат және ұзаққа созылған бақытты ғұмырды аңсайды. Біз де сол мәнді де баянды өмірге жеткіміз келеді», - дейді жас жұбайлар Ануар Оспанов пен Марал Бекбосынова.