2024 жылы қазақстандықтардың банктерден алған несиесі 23,9 пайызға көбейіп, 20,7 трлн теңгеге жеткен. Яғни, елімізде жеке тұлғалар банктерден осынша сомада қарыз алған. Бұның алдында 20,3 трлн теңге болған несие портфелі бірден 400 млрд теңгеге ұлғайғанын байқаған Azattyq Rýhy тілшісі Мәжіліс дерутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ұлықбек Тұмашиновті сөзге тартып, қарызды азайту үшін немесе оны өсірмей қоя тұру үшін не істеуге болады деген сұрақтың жауабын іздеді.
«Өкінішке қарай қазақстандықтардың қарызы көбейіп жатыр. Соңғы дерек бойынша 20,7 трлн теңгеден асқан. Президент бизнесмендермен кездескенде де бұл сома көбейіп бара жатқанына алаңдап, шаралар қабылдауды тапсырды. Жалпы, біз біз қарызға батқан ұрпақ өсіріп шығармаймыз ба? Соның қалай алдын алуға болады?», - деп сұрады тілші.
Тұмашинов бұл ретте екі жыл бұрын қазақстандықтардың несиесі 18 трлн болғанын атап өтті.
«Өте ауыр жағдай. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 18 трлн теңге болған. Қазір 20 трлн теңгеден асып жатыр. Әрине банктерге пайда табу керек. Олар бере салады, тіпті сыйақылары елу пайыздан да асатындары бар. Бұны тоқтату үшін, біріншіден, халықтың сауатын ашу керек. AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» деген бағдарламасы бар. Біздің халық барады да тегін беріп жатқандай несие алады. Ол тегін болмайды ғой. Өмірде тегін ештеңе жоқ. Бұл – біріншіден халықтың сауатсыздығы, екіншіден – банктердің ашкөздігі. Екеуі бір-біріне келіп тұр», - дейді ол.
Екіншіден, депутат атап өткендей, елімізде балаларға қаржылық сауаттылықты ата-анадан бастап, одан кейін мектепте, кейін институтта үйрету керек.
«Халық несиені тегін ақша көреді. Ал оның қайтарымы өте қиын. Кейде жастарды қойып, үлкен кісілердің өзі «байқамай несие алып қойып едім, төлей алмай жатырмын» деп сөйлеп отырады. Адам несие аларда оны қалай қайтаратынын ойланбай ма? Бірінші тойға деп алады, одан кейін телефон алады. Осылай кете береді», - дейді депутат.