Соңғы уақытта дәмханаларда сусынға есірткі қосу жағдайы жиілеген. Осыған байланысты полиция ескерту жасап, халыққа үндеу жасады, деп хабарлады Paryz.kz.
Полицияның мәліметінше, соңғы жыл ішінде елімізде 8 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды. Олардың ішінде сусындарға есірткі заттарын араластыру жағдайлары жиі кездеседі.
"Мұндай қылмыстардың құрбандары дәрменсіз күйге түсіп, тонау, зорлық-зомбылық және басқа да қауіп-қатерлерге ұшырауы мүмкін. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғау үшін полиция сұйықтықтағы есірткіні анықтайтын экспресс-тесттерді қолдануды ұсынады. Бұл шағын әрі қолдануға оңай жолақтарды дәріханалардан сатып алуға болады: олар бар болғаны бір минут ішінде қауіпті заттардың бар-жоғын анықтауға көмектеседі", – делінген хабарламада. Сондай-ақ, бұл әдіс арнайы білімді қажет етпейтіні әрі адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізетіні айтылды. Сақ болыңыз және осы сақтық шараларын достарыңыз бен жақындарыңызға ескертіңіз, – деп ескертті полиция қызметкерлері.