Шымкентте экс-судья 7,5 жылға түрмеге тоғытылды. Ол алаяқтық, бөтеннің аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлады Paryz.kz Отырар телеарнасына сілтеме жасап.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-судьяға қатысты іс қаралды. Телеарнаның хабарлауынша, сотталушылардың бірі 110 млн теңге көлемінде қаржы жымқырды деп айыпталды.
Сотта экс-судьяның лауазымына кір келтіргені және кінәсін мойындамағаны, судья антына адал болмағаны айтылды. «Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2 тармағымен қарастырылған құқық бұзушылықтармен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - делінген сот үкімінде. Телеарнаның хабарлауынша, қылмыстық істе үш айыпталушы бар.
Сотталушының бірі танысының әйеліне күйеуіне жеңіл жаза, яғни "бас бостандығынан айырмайтын" жазаны тағайындауға көмектесуге уәде берген. Сот оған қатысты 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал іске қатысы бар адвокат 6 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Ол енді 7 жыл адвокат болып қызмет ете алмайды.
«Сотталушы Д.-ға адвокаттың қызметімен айналысуға 7 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А.-ға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Пара беруге азғыру бойынша тағылған айыппен Д., А. және М. ақталды, өйткені сотталушылар пара берушіні пара беруге азғырмады, ақшаны беруі К.-ның бастамасы бойынша болған», - дейді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.