Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Бірнеше өңірде мал ұрлайтын қылмыстық топ құрықталды

Еліміздің үш облысында топтасып мал ұрлағандар ұсталды. Толығырақ Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев айтып берді, деп хабарлайды paryz.kz.

Бірнеше өңірде мал ұрлайтын қылмыстық топ құрықталды
Фото: Halyq Uni

– Абай облысында жайылымда жүрген 50-ден астам жылқыны ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Топта 4 адам әрекет еткен. Сонымен қатар Ақмола облысында 46 жылқыны ұрлап кеткен 2 адамнан тұратын топ құрықталды. Одан бөлек, Павлодар облысында 6 адамнан тұратын қылмыстық топ 25-тен астам жылқыны ұрлаған. Қылмыскерлер жол талғамайтын мотокөліктермен малды алысқа айдап кеткен, - деді Шыңғыс Әлекешев ведомствода өткен онлайн баспасөз мәслихатында.

Ішкі істер министрлігі мал ұрлығының алдын алу және азайту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен жұмыс істеп жатыр. 

– Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау қызметінің мал ұрлығына қарсы өзара іс-қимыл туралы бұйрық әзірленді. Мал ұрлығының алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізу. 

Аталған іс-шараға полицейлер, ветеринарлық бақылау қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысады, - дейді ол.  Ведомство өкілінің айтуынша, өткен жылы мал ұрлығына қарсы 2 республикалық және 76 өңірлік деңгейде іс-шара өтті.