Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Жылу қоспай екі қабат көрпе оранамыз»: 2025 айтарлықтай қымбат жыл болады

Нағыз нарық экономикасы, капитализмге жайлап аяқ басамыз. Оған үйреніп алған елдердің суды үнемдейтініне, жылу қоспай екі қабат көрпе оранатынына күлуші едік. Енді біз де үйренеміз. Қиын болады. Басында ашуланамыз. Боқтаймыз, лағнет айтамыз. Түбі қабылдаймыз. Бұдан кейін социализмге біржолата оралмайтын боламыз деп түсіндірді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.

«Жылу қоспай екі қабат көрпе оранамыз»: 2025 айтарлықтай қымбат жыл болады
Фото: Shutterstock/Fotodom.ru

Халықтың кейбірі қоғамда шу болып жатыр екен деп, қосыла кетеді. Сондықтан қарапайым халыққа қарапайым тілде түсіндіре кетті маман.

НДС — қосымша құн салығы. Ол бәріне жаппай салынатын салық емес. Жаппай салынатын салықтар — ИПН (жеке тұлғаға, жеке табыс салығы), КПН (заңды тұлғаға, корпоративті табыс салығы).

Қосымша құн салығы — ішкі нарықта сатылатын тауарлар мен қызметтерге салынады. НДС есебінде тұрған кәсіпкерлер оны ішкі нарықта өзі сататын бағаға бұрыннан бері қосады және оның қазіргі ставкасы 12%. Тауардың өзіндік құны мен кәсіпкер маржасына қосылады. Кәсіпкер сататын тауарын оптом 5 мың теңгеге сатып алды дейік. Үстіне 2 мың пайдасын қосты. 7 мың теңге. НДС 12% қосты. 7 840 теңге ақырғы бағамен сатты.

Енді НДС 20% болды дейік. Онда баға 8 400 теңге болады. Кәсіпкер ұтылмайды. Тауар бағасы осы тауарды алатын адам үшін қымбаттайды. Жалпы, қосымша құн салығын әлемнің 137 елі қолданады. Көп елдерде бұл бюджетті толтырудың негізгі әдісі.

Қазақстан қазір НДС рейтингінде 70-ші орында. Біз ҚҚС-ы төмен елдер санатындамыз, бірақ әлеуметтік жүктемеміз өте көп. Ленин жасай алмаған коммунизмо-социализм моделін біз жасадық. Мұндай әлеуметтік жүктемемен НДС көп болуы керек немесе НДС 12 пайызда қалса, онда әлеуметтік шығындарды кемі 6 триллион теңгеге қысқарту керек.

Зейнеткерлер мен студенттердің, бюджет қызметкерлерінің табысын кесуге мемлекеттің қолы бара алмады. Социализм жалғасады. Бірақ осы банкеттің шотын біреу төлеу керек қой. Әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекет компенсациялық режим енгізбек. Егер НДС-ті өсіре алса, жұмыс беруші мен жұмысшыны буындырып тұрған соцналог пен опврды алып тастауға үкімет ықтияр сияқты. Онда қолына 300 мың теңге алып жүрген адамның табысы тағы 8-10 мың теңгеге өсіп, 310 мың болуы тиіс.

«2025 айтарлықтай қымбат жыл болады. Біршама жылдар бойы өмір сүрген социализм үшін (бұйрықпен ұстап тұрған төмен коммуналды тарифтер мен жанармай) енді толық төлей бастаймыз. Жарық пен суды үнемдеуге көшеміз. НДС-пен сататын супермаркет емес, НДС төлемейтін кәсіпкерден тамақ алуға үйренеміз. Автобусқа мініп, Оңай картасымен танысамыз», — деді сарапшы.

Дереккөз: Өзгеріс инфо