Жамбыл облысында 35 жастағы Тараз тұрғыны бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды paryz.kz.
ПД мәліметінше, ол облыс орталығынан кеңсе ашып, әлеуметтiк желiлердегi жарнамалар арқылы құрбандарды тауып, «қайтарымсыз несие» беремін деп уәде берген.
Күдікті микроқаржы ұйымдарында заңгер болып жұмыс істегенін және өзін осы саланың білікті маманы екенін айтқан. Осылайша, ол 71 азаматтың сеніміне кіріп, алдау арқылы жалпы сомасы 33 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
«Жәбірленушілер арасында тек тараздық емес, Жамбыл облысының аудандарында тұратын тұрғындар да бар. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта дәлелдемелер жинауға және болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген облыстық ПД хабарламасында.