Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Яссауи кесенесіне жерленген 51 тұлғаның тағы 12-сінің есімі белгілі болды

Күні бүгінге дейін кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы батырлар тізіміне ауыстырылды.

Яссауи кесенесіне жерленген 51 тұлғаның тағы 12-сінің есімі белгілі болды
фото: ашық дереккөз

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да 12 тұлғаның Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданды, деп хабарлады paryz.kz, nege.kz-ке сілтеме жасап.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеп, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Яссауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазір бұл бағытта зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Ал кейінгі тізімге енген 12 тұлғаның тарихын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олар туралы деректер мен мәліметтер толыққанды жинақталды.

"Елімізге белгілі ғалымдар бұдан басқа да тізімге енбей қалған тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда. Алдағы уақытта бұл мәселе де түбегейлі қолға алынатын болады. Сонымен қатар, отырыс барысында күні бүгінге дейін кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы батырлар тізіміне ауыстырылды. Өз заманында беделді, атақты, әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі", - дейді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Қазір кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімдері белгілі.