Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Атырау облысында балықтар жаппай қырылып жатыр

Экобелсенді Аслан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысы Таңдай ауылы маңындағы Бақсай каналында жаппай қырылған балықтардың видеосын жариялады, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Атырау облысында балықтар жаппай қырылып жатыр
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Аслан Омаров каналға қысылып өлген балықтардың санында шек жоқ дейді. Тіпті, өзі айтып тұрғандай, «қырылған шабақтардың саны миллион емес, миллиардқа жуықтайды».

«Бұл – Бақсай каналының өз суына келген шабақтар. Өсіп-өніп, көбеюі керек еді. Алайда, қырылып жатыр. Өлген балықтың саны миллион емес, миллиард. Тіпті одан да көп. Егер қар жауып, суды мұз басса, бұдан да көп өледі. Каналда ауа жоқ, оның үстіне, күн суытып, мұз басып жатыр. Осы балықтарды Жайыққа, болмаса ағысы бар басқа каналға жіберсек, Жайығымыз балыққа толар еді», - дейді өкініш танытқан ол. 

Аслан Омаровтың видеосына комментарий жазған жергілікті уәкілетті орган, яғни, Атыраудың бірыңғай байланыс орталығы судан сынама алынғанын хабарлаған.

«Тиісті мүдделі мекемелерге хабар жібердік. Бектілген алгоритм бойынша тірі балықтарды құтқарып, ал өлі балықтар жиналып санитарлық талаптарға сай көміледі. Сонымен қатар, су сынамалары алынады.Атқарылған жұмыстар бойынша қосымша хабарлаймыз. Мәселе бақылауда», - деп жазған.

Әзірге Бақсай каналында нақты қанша мың шабақтың қырылғаны әзірге белгісіз болып отыр. Біз ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне тиісті сұрау жібердік.