Полиция Түркістан облысының 48 жастағы тұрғынын ұстады. Ол дәріханалардан 2500-ге жуық «трамадол» дәрісін алған. Айта кетейік, бұл дәрі есірткіге жататын дәрі, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жалпы, ішкі істер органдары 2024 жылы үш рет «Дәрмек» атты операция өткізген. Сол шаралардың арқасында есірткіге жататын дәрілерді сатуға қатысты 38 қылмыстық және 633 әкімшілік заң бұзу фактілері анықталған.
«Оның ішінде заңсыз фармацевтикалық қызметтің 46 дерегі, дәрілік заттардың айналымы мен ережелердің бұзылуының 260 дерегі анықталды. 500-ден астам лауазымды тұлға, оның ішінде 226 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды ішкі істер министрлігі.
Фармацевтерден бөлек, есірткіге жататын дәріні алып, көлігімен тасып жүрген 48 жастағы адам ұсталған. Ол Түркістан облысының тұрғыны. Тексеру кезінде дәріханадан жалған рецепт бойынша алынған 2500-ге жуық «трамадол» таблеткасы тәркіленді.