Ұлытау облысы экология департаментінің басшысы 2,5 млн теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталды. Шенеунік кәсіпкер еш кедергісіз құжат бергені үшін осындай сома талап еткен, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шенеунік сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу шаралары аясында іске қатысы болуы мүмкін басқа да азаматтар тексерілуде.
«2024 жылдың 26 тамызында күдікті бизнесті қорғау жобасы аясында кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есеп беру туралы заңсыз талаптар қойған», - делінген құзырлы орган таратқан хабарламада.
Агенттік әлеуметтік маңызға ие салаларда жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын жеткізді.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасауда екі шенеунік: Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары және Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары әшкереленді», - деп жазылған жемқорлыққа қарсы қызмет ақпаратында.