Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Орташа жылдамдық: Камера түбінде межелі уақытты күткендер де айыппұл төлейді

Елімізде «Орташа жылдамдық» ұғымын енгізу 2018 жылы басталды және депутаттар ұсынысымен іске асырылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова айтып берді.

Орташа жылдамдық: Камера түбінде межелі уақытты күткендер де айыппұл төлейді
Фото: Алматы әкімдігі

– Басқа мемлекеттердің тәжірибелері міндетті түрде зерттелді. Еуропа елдерінде «орташа жылдамдық» ұғымы баяғыдан бар, тек аталуы басқаша. Бірақ қала сыртындағы жолдарда орташа жылдамдықты анықтау бұған дейін де болды. Мәселен, Бельгия орташа жылдамдық енгізу нәтижесінде адам шығынын 23 пайызға төмендеткен. Бұл нәтижеден кейін қала ішіндегі бейнекамераларға да орташа жылдамдық енгізуді ойластырып жатыр, – деп түсіндірді А.Боранова.

Оның айтуынша, елімізде Мерген, Сергек секілді жиырмадан астам компания және 25 мыңнан астам автоматты тіркеу жүйелері бар. 

– Автоматты тіркеу камералары патрульдерге де орнатылған. Қазіргі уақытта 300-ге жуық автокөлік осындай тіркеу камераларымен жабдықталған. Оған қосымша, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдер де нәтижесін беріп жатыр. Орташа жылдамдық дегеніміз – жүріп өткен жолды жүріп өткен уақытқа бөлу. Мысалы, Астана-Павлодар жолы 385 шақырым. Сол 385 шақырымды белгіленген 140 шақырыммен жүріп отырса, 2 сағат 45 минутта діттеген жеріне жетеді. Бұл аралықта автоматты түрде тіркейтін 7 камера бар. Бұл камералардың ара қашықтығы әр түрлі, 25 км, 50 км немесе 75 км болуы мүмкін. Мұнда екі камера аралығындағы қашықтық пен уақыт есептеледі, - дейді маман. 

Бұған дейін қалааралық жолдарда жылдамдықты 140 шақырымнан асырмау талабы болды. Бірақ жүргізушілер бұл ережені камераға жақындағанда ғана ұстанып, камерадан өткесін жылдамдықты арттыратын. 

– Әлеуметтік желіде жаңа лайфхак деп, соңғы камераға жетпей, күтіп отыру туралы жазылып тұр. Бұл адамдарға да жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл ұйғарымдары келеді. Яғни, бұл әдіс жұмыс істемейді. Жол мақсаты жету болса, еш уақыт үнемделмесе, бұдан кімге қандай пайда келеді? Сосын жылдамдықты арттырып, әр камераның түбінде уақытты күтіп отыратындар бар. Мұны құптаймыз, себебі адамдар аз да болса демалып, сергектігін арттырады, жол апаты қаупін азайтады, - дейді А.Боранова.