Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновациялық шешімдер қабылд аған жөн екенін айта келе: «Қазақстанда озық IT-шешімдерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логистика саласының ғана емес, жалпы экономиканың дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Бұл – маңызды» -деген болатын.
Сонымен қатар, Президент аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін де тілге тиек еткен-ді.
«Мен осы жұмысқа отандық ІТ-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде сондай компаниялар және мамандар аз емес. Әлемдік ІТ-компаниялармен тиімді байланыс орнату керек. Экономиканың барлық саласында осындай стратегияны жүзеге асырған жөн», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай «Astana Hub» халықаралық технологиялық паркінің үлгісі бойынша еліміздің барлық өңірлерінде «ІТ Hub» ашыла бастады. Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында «Shymkent IT Hub» технологиялық паркін ашылып, өз жұмысын бастады.
Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов мәлімдеуінше, «Astana IT HUB» технопаркі және Әкімдік арасында 2 жартыжылдық қорытындысымен Меморандум жасалды. Алдағы уақытта «Shymkent IT HUB» — білім беру бағдарламалары кеңесінің қызметін дамытып, HUB Технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру үшін жағдай жасайтын болады. «Оптика желісін жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзілді.
Осы меморандум аясында жыл соңына дейін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Екі жақты келісім аясында шаһардағы әрбір мектептердегі интернетті 150 мб/сек дейінгі жылдамдыққа көтеру жұмыстары атқарылды. Бүгінгі таңда қала аумағындағы 147 мектептегі интернет жылдамдығы 150 мб/сек көтерілді, оның 100 мб/сек оқу процесіне бағытталса, ал 50 мб/сек бейнебақылау және СОС батырмаларына арналған.
Сондай-ақ, қала шетіндегі білім ордаларын жылдам интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынған. Ағымдағы жылы қосымша 5 қоғамдық орындарға 15 wi-fi құрылғыларын орнатып, жалпы саны 70 wi-fi құрылғылары іске қосылып отыр.
Сонымен қатар, талдау нәтижесі бойынша мобильді байланыс операторларымен бірлесе интернет сапасы төмен 42 нүктеге базалық станция орнату жұмыстары жоспарланып, 30 нүктеде базалық станция орнатылып қолданысқа енгізілді»,- деді. Шымкент қаласында бой көтерген технологиялық парктің әлеуметі болашақта зор болмақ. Техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында IT HUB орталықтары цифрландыру саласын дамытуға үлкен септігін тигізеді деп сенеміз.
Реті келгенде «Shymkent HUB» технологиялық паркінің негізгі міндеттеріне тоқтала кетейік. Парк тегін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді, стартап жобалар бойынша консультациялар беруді, IT-қоғамдастықты қалыптастыру және дамытуды және технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеуді көздейді. HUB ашылғалы бері мұнда 55 іс-шара ұйымдастырылып, 1559 келуші тіркелді. Аптасына бір рет IT және байланыс саласының мамандарының қатысуымен мастер-кластар өткізіліп келеді.
«Shymkent HUB» өңірлік IT-қауымдастықты дамытып, технологиялық кәсіпкерліктің негізгі алаңына айналуды көздейді. Бұл бастама Шымкент қаласының цифрлық экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.