Енді қазақстандықтар eGov mobile қосымшасы арқылы газға қосылуға онлайн өтініш бере алады, деп хабарлайды paryz.kz.
Елімізде жер үйдің иелері газға қосылу үшін өтінішті eGov mobile арқылы бере алады. Қызмет QazaqGaz Aimaq АҚ-ның абоненттері үшін қолжетімді және жеке тұлғалар үшін тегін ұсынылады. Газға қосылуға арналған техникалық шарттар – бұл объектіні газ тарату жүйесіне қосу мүмкіндігін растайтын құжат. Қызметті объектінің иесі пайдалана алады. Ол үшін пайдаланушы қосымшада көрсетілген барлық міндетті толтырып, объектіге тіркелген құқығы туралы мәліметтерді растау қажет, - деп жазылған компания таратқан хабарламада.
Қызметті алу үшін пайдаланушы:
eGov mobile қосымшасында авторизациядан өтуі қажет және «Қызметтер» бөліміне өтіп, «Жылжымайтын мүлік және ТКШ» - «Газ тарату желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру» батырмасын басу керек;
Объектінің түрін көрсету және оны қосу үшін таңдау қажет; Объектінің техникалық паспортын тіркеу керек;
Техникалық шарттың түрін, газбен жабдықтау жүйелеріне қосылу себебін және газдың талап етілетін шығынын көрсетуі шарт;
Газ жабдығының түрін таңдап, қосу, санын көрсетіп және «Жалғастыру» батырмасын басу керек;
Өтінімге Face ID/Touch ID арқылы қол қою керек. Өтінім дұрыс толтырылған жағдайда, қызмет көрсету нәтижесінде техникалық шарттар беріледі, оларды газ тарату ұйымы – QazaqGaz Aimaq АҚ ұсынады немесе негізделген бас тарту шешімі шығарылады.
Қызмет көрсету мерзімі объектінің күрделілігіне байланысты: техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін 5 жұмыс күні, күрделі объектілер үшін 10 жұмыс күні.
Жаңа функция Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Энергетика министрлігі және QazaqGaz Aimaq АҚ-мен бірлесіп іске асырылды.