Депутат Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ ішуді заңмен тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Ардақ Назаров қалада арақ ішуге тыйым салуды ұсынды.
«Біз Түркістанда арақ ішуге, сатуға және ішімдік ішіп көшеде жүруге заң аясында тыйым салсақ. Өйткені, Түркістан – рухани астана. Бұл жерден бүкіл қазақ рух алу керек. Онда біздің бабаларымыз, әулие батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді, сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Сондықтан осы заңның аясында «Арақсыз қала, рухани қала» деп араққа тыйым салуға бола ма?», - деді депутат.