Бейсенбі, 28 қарашаға қараған түні Алматы тұрғындары жерасты дүмпулерін сезінді. Жер сілкінісінің ошағы Қытайда болған, деп хабарлайды Paryz.kz ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Министрліктің Telegram-дағы арнасында пайда болған ақпаратқа сәйкес, жерасты дүмпулері сағат 01:31-де тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Қытай аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 318-шақырымда орналасқан. Есептік қарқындылығы Алматы қаласында 2 балды қамтыды.
«Қазселденқорғау» АТЭТУ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін және сел қаупі бар учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді.
Сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ.
«Қазір аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Жағдай тұрақты», - делінген хабарламада.
Алматы қаласының ТЖД мәліметінше, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Қалада жылына 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте 2-ден 4 баллға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим саналады.