Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Меркі ауданында техникасы аз компания жолға битумды шәугіммен құйған

Жамбыл облысының Меркі ауданындағы ауыл әкімдері жұмысын аяқтамаған мердігерлерге 305 млн теңге аударып жіберген, деп хабарлады Paryz.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Меркі ауданында техникасы аз компания жолға битумды шәугіммен құйған
фото: cool-readers.ru

Сорақысы сол, құрылыс компаниялары асфальтты мүлде талапқа сай етіп төсемеген. Тұрғындар Ақарал ауылында асфальт төсеу кезінде талаптың мүлде сақталмағанын айтады. Мердігер алғашқыда жолды жіңішке етіп салған. Тұрғындардың наразылығынан соң қайта кеңейтпек болыпты. Бірақ техникасы түгел емес компания битумның өзін топырақ үстіне шәугіммен құйған. Кім істесе де дұрыс істемеген. Соқыр адамға да көрініп тұр ғой. Екі көлік өтетін жолды соншалық тар қылып жасаған. Бергі жағына жамап қойыпты, оны да аяқтаған жоқ. Одан бері 2 ай өтті, - дейді Ақарал ауылының тұрғыны Рысбүбі Жұматаева. 

«Аудандағы жолға жауапты бөлім басшысы ауыл көшелерін асфальттауға қанша қаражат жұмсалғанын білмейтін болып шықты. Тек «кемшіліктер түзеледі» дегеннен танбады. Қаражаты есімде жоқ. Талапқа сай емес. Кемшіліктері бар. Әкімімен сөйлестім, мердігерлер келді, техниканың бәрі дайын. Тек асфальт төсеуші таппай отыр. Осы бір-екі күнде қайтадан қалпына келтіреміз деп уәдесін беріп жатыр», - дейді Меркі аудандық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Акек. 

Ақарал ауылымен қатар, Сармолдаев, Ақермен елді мекендерінің әкімдері де жұмысын аяқтамаған компанияларға бар қаржыны аударып жіберген. Жалпы 3 ауылда 20 көшеге асфальт төселуге тиіс еді. Алайда кей жолдар аяғына дейін жетпесе, енді бірінің қалыңдығы талапқа сай емес.

Сонымен қатар 67 млн теңгенің жұмысы мүлде істелмеген. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент мамандары дер кезінде анықтап, 3 әкім де сөгіс алды.

«Егер жолдар толық қолданысқа беріліп кеткенде, ауыл әкімдерінің жауапкершілігі тәртіптік емес, қылмыстық жауапкершілік болуы мүмкін еді», - деп түсіндірді СЖҚІҚА жол басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Бәйгебаев. 

Мәселеге антикор мамандары араласқан соң әкімдер мен мердігерлер кемшіліктерді түзейтін болды. Жалпы, биыл аудандағы жол жөндеу саласына 1 млрд 647 млн теңге бөлінген. Осы жағдайдан соң сол қаражаттың жаратылуы жіті бақылауда болмақ.