Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салуға негіз жоқ – Қаржы министрлігі

Қаржы министрлігі мемлекеттік қызметкерлерге бюджет қаражаты есебінен сыйақы беруге байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беруге тыйым салуға негіз жоқ – Қаржы министрлігі
Фото: paryz.kz

Ақпаратта Үкіметтің 2001 жылдың 29 тамызындағы №1127 қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы төлеу, материалдық көмек көрсету, лауазымдық айлықтарына үстемақы белгілеу бюджет қаражатын үнемдеу есебінен ғана іске асырылатыны атап өтілді.

«Осы қаулы арқылы шығыс баптарының нақты тізбесі айқындалған. Олардың есебінен үнемдеу қалыптасқан жағдайда ғана сыйақы төленуі мүмкін (іссапарларға, коммуналды және көлік қызметтеріне, байланыс қызметтеріне, үй-жайларды жалға алуға және тағы басқа шығыстар бойынша үнемдеу). Бүгінде аталған қаулыға, сондай-ақ басқа да заңнамалық актілерге сыйақыларды шектейтін өзгерістер енгізілмегендіктен, мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беруге тыйым салатындай негіз жоқ. Қаржы министрлігінің осыған дейінгі хабарламасында Үкімет қаулысының нормаларын бұлжытпай ұстану қажеттігі және бағдарлама әкімшілерінің қызметкерлерді тізбеде көрсетілгендерден бөлек бюджеттік баптардан қаражатты сыйақыға пайдалануға жол бермеу туралы айтылған болатын», – делінген министрлік хабарламасында. 

Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды іске асырудан немесе мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтін материалдық активтерді сатып алудан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс екені ескертілді. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік органдардың жыл бойы үнемделген қаржыны қызметкерлеріне сыйақы төлеуге жұмсауына тыйым салынғанын айтқан болатын.