Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Түркістан мақтасынан жасалған маталарды Louis Vuitton және Gucci пайдаланады

Түркістан облысының Turan арнайы экономикалық аймағында болашақ мақта агроөнеркәсіп кешенінің капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды paryz.kz.

Түркістан мақтасынан жасалған маталарды Louis Vuitton және Gucci пайдаланады
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Жобаның құны – 146,8 млрд теңге. Ақпаратқа сәйкес, толық циклді тоқыма фабрикасында 11 цех жұмыс істейтін болады. Өндіріс қуаттылығы – жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн метр үй тоқымасы, 7 млн жиынтық төсек әбзелдері. Кешен арқылы 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.

Мақта-мата кластерін дамытуға бағытталған өндірістік кешеннің құрылысын Xinjiang Lihua (Group) Co., LTD жүргізеді. Жобаның маңызды артықшылығы – компанияның Louis Vuitton және Gucci сияқты сән индустриясының алыптарымен тікелей ынтымақтастығы. Болашақта «made in Turkestan» тігін жіптері мен маталары осы брендтерге сатылатын болады, – делінген АШМ хабарламасында. 

Айта кетсек, Түркістан облысы – Қазақстанның мақта өсіретін жалғыз өңірі. «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» шеңберінде 9 мақта кластерін құру жоспарланып отыр. Бұл шитті мақтаның бағасына тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Облыс аумағында жыл сайын 100 мың гектар жерге мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, қытайлық тәжірибе бойынша мақтаның элиталық сорттарын егу суды, энергияны, ресурстарды тұтынуды оңтайландыруға және өнімділікті 60-65 ц/га дейін арттыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы өңірде «Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауытының жобасы іске қосылды. Кәсіпорын заманауи қытайлық жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылы зауыт 40 мың тонна шитті мақта қабылдады.