Елімізде жұмыс істейтін тұрғындардың жартысының жалақысы 150 мың теңгеден аспайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Мәжілістің жалпы отырысынан соң депутатқа «Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі орташа жалақы 403 мың теңгеден асады.
Алайда қазақстандықтардың нақты жалақысы 150-300 мың теңге көлемінде, ал еңбекақысы 1 млн теңге болатындардың үлесі аз.
Сіздің ойыңызша, тұрғындардың жалақысы неге өспей жатыр?» деген сұрақ қойылды. Айдарбек Қожаназаров ресми деректерге күмәнмен қарайтынын жеткізді.
Менің ойымша, Ұлттық статистика бюросы ұсынатын сандар қиялға жақын. Қазақстанда жұмыс істейтіндердің жартысының жалақысы 150 мың теңгеден аспайды деген ойдамын.
Қалған жартысының қанша алатынын айта алмаймын. Себебі, ондағы мәліметтер әртүрлі.
Мысалы, кейбірі 750 мың теңге, екіншісі 1 млн теңге алуы мүмкін. Біз осы көрсеткішке жүгінсек, (экономиканы дамытуға) нақты қадамдар жасауымыз керек, - деді ол.