Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

Алакөл ауданында үш ауыл жолдың азабын тартып отыр

Жетісу облысының Алакөл ауданындағы Қабанбай-Көктұма тасжолының ұзындығы 97 шақырым. Облыстық маңызы бар жол осыдан екі жыл бұрын ғана орташа жөндеуден өткен, алайда халық жолдың сапасына наразы, деп хабарлайды Paryz.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Алакөл ауданында үш ауыл жолдың азабын тартып отыр
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұл жолдың 35 шақырымына 2020-2022 жылдар аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл ой-шұңқыры жамалып, жолағын сызу басталған. Бірақ Бибақан-Тоқжайлау-Үшбұлақ ауылдарында бұл жұмыстардан тыс қалған. Қашықтығы 11 шақырым болатын Бибақан мен Тоқжаулайлау елдімекендерінің ортасындағы жолдың сапасы өте нашар. 

«Қабанбай мен Тоқжайлаудың арасы 45 шақырым. Екі ортаны бір жарым сағат жүреміз. 10 жылдай болды айта-айта шаршадық. Халық мезі болды. Аудан әкімі, облыстан басшылар ауылға келген сайын айтамыз. Нәтиже жоқ» -дейді ауыл тұрғыны Арай Керімқұлов. 

Жетісу облысы бойынша экономикалық тергеп тексеру департаментіне арызданған Тоқжайлау ауылының тұрғындары жолға жауапты мердігер мен тапсырыс берген мекемелерді тексеруді сұрап отыр. «Жолды жасайтындар біздің ауылдың тұсына жеткенде бөлінген ақша жетпей қалды дейді. Қаражат бөлінгеннен кейін бірақ бөлінбей ме? Санаған кезде қалай санайды? Ауылда аурухана да жоқ. Орталыққа жете алмай жолда босанып қалғандарда бар» -деді ауыл тұрғыны Ардақ Аршабаев. 

Қазақпарат тілшісі Тоқжайлаулықтардың шағымын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жеткізген еді. 

«Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл жолды 2025 жылғы жобалар тізбесіне енгізіген. Қазіргі уақытта 2025 жылғы бекітілген облыстық бюджетке бюджеттік өтінім дайындалуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025 жылдың II тоқсанында бастау жоспарлануда», - дейді Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов. 

Тіке тартса туристерді тау ішімен көлге жеткізетін күре жолға көңіл бөлінбей келеді.