Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Германияның Федералды канцлері Қазақстанға ресми сапармен келді. Астана әуежайында оны премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Германияның Федералды канцлері Олаф Шольц «Орталық Азия+Германия» екінші саммитіне қатысады.
Оның шеңберінде сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, кең ауқымды бағыттар бойынша стратегиялық ынтымақтастық пен әріптестік мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Айта кетсек, Германия – Қазақстанның маңызды сауда және инвестициялық серіктесі.
Биылғы 7 айда өзара сауда көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар көлемі 64%-ға ұлғайып, 770 млн доллар болды. Қаражаттың негізгі бөлігі басымдық беріліп отырған экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған.