Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы екінші ойынын Словенияға қарсы өткізді.
Ел құрамасы В лигасы үшінші тобында Норвегия, Словения және Австрия құрамаларымен сынға түседі. Кездесу барысында словениялық футболшылар жылдам гол соғу мүмкіндігін іздеді.
Нәтижесінде олардың қатарынан Беньямин Шешко 23, 28-минутта екі гол соғып кетті. Ол бұдан бұрын 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде де қазақстандық құрамаға белгіленген пенальтиден бір голдың авторы атанған еді.
Словениялық шабуылшы 63-минутта тағы бір мәрте көзге түсіп, хет-триктің авторы атанды. Осылайша Қазақстан қарсыласына 0:3 есебімен есе жіберді.
Өз тарихында екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде кездесіп, екі ойында да қазақстандық футболшылар қарсыласына 1:2 есебімен жол берді. Енді ел құрамасы 10 қазанда сырт алаңда Австриямен кездессе, 13 қазанда өз алаңында Словенияны қабылдайды.