4 қыркүйек Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7:00-де 17 команда Ақмола облысы Лесное ауылы маңынан жорықты бастап, Ақмола облысының аумағындағы Атбасар елді мекенінің жанында аяқтады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жалпы жол қашықтығы 500 шақырымды құрайды және бағыт Солтүстік Қазақстан, Ақмола облысы және Астана қаласын қамтиды. Марафон 7 қыркүйекте Астанада аяқталады. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің 200 шақырымын бағындырды.
Ертең командалар үшінші кезеңді бастайды, Атбасар маңынан басталатын жорық Жалтыр ауылының маңына барып тоқтайды.
Екінші кезең қорытындысы бойынша, «Көкмойнақ» командасы жеңімпаз атанды. РФ Қабирдин-Балқар командасы мәре сызығына екінші болып жетсе, үздік үштікті қазақстандық Алматы қаласының командасы түйіндеді.
Жоба ұйымдастырушысы – ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және республикалық «JORYQ» ат спорт федерациясы.
Оған Amanat партиясы, Қазақстан туризм және спорт министрлігі, Sport Qory, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп отыр.
«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты әрі төзімді тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.