Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды.
Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды. СҚО-да құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында 57, БҚО-да 80, Ақтөбе облысында 43 және Павлодар облысында 5 үй пайдалануға берілді.
Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды. 34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді.
Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер беріліп жатыр. Бүгінде 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды, – делінген хабарламада. Өңірлік комиссиялар жалпы көлемі 7,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 455 өтінімін қарап, мақұлдады. Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.