Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Әлемдік додаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген тұлпарларымыз аз емес - Исенбай Қалдаманов

Қазір әлемдік додаларға қатысып, бабы мен бағы қатар шауып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген тұлпарларымыз аз емес. Бұл туралы Маңғыстау облысы «Жорық федарциясының» басшысы Исенбай Калдаманов айтты.

Әлемдік додаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген тұлпарларымыз аз емес - Исенбай Қалдаманов
Фото: liter.kz

Ұлан байтақ даланың төсінде еркін өскен, Ұлы даламыздың ұлттық құндылықтарының бірі Қазақтың дарабоз сәйгүліктері екеніне ешкімнің таласы жоқ шығар. 

Биыл қыркүйекте жылқының ең мықты тұқымын анықтау жолында еліміз бен түркі елдері үшін спорт әлеміндегі айтулы оқиғалардың бірі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өткелі жатыр. Сонымен қатар 3-7 қыркүйек аралығында қазақ елінің ұлттық спорт түрлерінің бірі – «Ұлы Дала жорығы» көпкүндік марафон бәйгесінің халықаралық жарысы өтеді. Марафонға Түркия, Иран, Ресей, Қырғызстан, Оңтүстік Африка, Венгрия және т. б. алыс-жақын елдерден онға жуық команда қатысады деп күтіліп отыр.

Елімізден бұл додаға өткен мамыр айындағы республикалық жорықтың жеңімпаздары – Жетісу, Маңғыстау, Алматы қаласына қосымша, Ақмола мен Ақтау қаласынан 2 қыздар командасы қатысады. Оған қоса қазақтың Адай, Қостанай, Найман, Көшім, Жетісу жылқы тұқымдары шетелден келген тұқымдармен күші мен төзімділігін сынау мүмкіндігіне ие болып, бақ сынасады.

Тәуекелге бел буып, ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту жолында тер төгіп жүрген, аталған ат спорты түріне қатысушы Алаштың атқамінер шабандоздарына, дарабоз тұлпарларға әлемдік додада темірдей төзім, саф алтындай сабыр, сенім мен сәттілік тілейміз! Жүрегі елім деп соққан барша жерлестерімізді елеп-ескеріп, ұлықтап, аталған додаға ортақтасып, жанкүйер болып, қолдау көрсетуге үндеймін! Жеңісті күндердің куәсі болайық, ағайын!» - дейді ол.

Айта кетейік, 2024 жылғы 3-7 қыркүйек аралығында алғаш рет «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. Жарыс 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтеді.

Марафон-бәйге 3 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінен бастау алады. Дәл сол жерде 5 мың жылдан астам бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен.