Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Бурабай табиғи паркінің басшылығына туристердің Жұмбақтасқа шығуына тыйым салуды ұсынатынын айтты.
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында журналист кейбіреулер Жұмбақтасқа құрметпен қарамайтынын айтып, тастың үстіне аяқ басуға тыйым салуды ұсынды.
«Негізі өте орынды ұсыныс. Өзім де көріп жүрмін. Қазір тасқа дейін жүзіп барып, үстіне шығуға тыйым жоқ. Бірақ ол тастарға жазу жазып, таңба қалдыруға тыйым салынған. Соның өзінде туристердің көбейгеніне байланысты бұл орынды ұсыныс деп ойлаймын. Бұл тасқа шығуға тыйым салған дұрыс шығар. Мен Бурабай ұлттық паркіндегілермен сөйлесемін. Бұл парк Президент іс басқармасына қарайды. Сіз айтқан ұсынысты айтып көремін. Өте орынды ұсыныс», — деді Ерлан Нысанбаев.